Telegram-ның бұғатталуы: Ресей бизнесінің Қазақстанға «көші» қайта жанданды

Ресейде Telegram мессенджерінің бұғатталуы ақтық кезеңге таяды.


18/03/2026
11:08 49 0

фото: РИА Новости

 

Жергілікті тұрғындар арасында желі жұмысына қатысты шағымдар көбейді. Олар мессенджерді VPN-сіз пайдалану мүмкін еместігін айтады. Соған байланысты Telegram-арналардың әкімшілері табысын сақтап қалу үшін бизнестерін жаппай басқа елдерде тіркеуге кірісті. Бұл – цифрлық нарықтағы жаңа көші-қон толқынының белгісі.

 

Ресейде не болып жатыр?

 

16 наурыздан бастап Ресейде мыңдаған қолданушы Telegram жұмысының тұрақсыздығына шағымдана бастады. Әсіресе, желіге үй интернеті арқылы қосылу кезінде қиындықтар жиілеген.

 

Сарапшылардың айтуынша, Роскомнадзор тарапынан мессенджерді толық бұғаттауға бағытталған әрекеттер шешуші кезеңге жетті.

 

Пайдаланушылар мынадай мәселелерді атап өтеді:

 

  • хабарламалар жіберілмейді немесе кешігіп жетеді;
  • қосымша ұзақ уақыт жүктеледі;
  • кейде мүлде ашылмай қалады;
  • VPN қолдану да көмектеспейтін жағдайлар кездеседі.

Тіпті кейбір өңірлерде «ақ тізім» (whitelist) жүйесі бар интернетте Telegram-ға телефон арқылы қосылу мүмкін болмай қалған. Сарапшылардың айтуынша, соңғы тәуліктерде компьютерге арналған нұсқа да толық істен шыққан жағдайлар тіркелген.

 

Ресей билігі мессенджер басшылығымен диалог жалғасып жатқанын айтады. Кейбір депутаттар Telegram-ды «ел заңына бағынбайтын жүйе» ретінде сипаттап, оны қатаң реттеу қажеттігін меңзейді.

 

Әкімшілер неге шетелге «көшіп жатыр»?

 

Осындай белгісіздік аясында Telegram-арналар арқылы табыс табатындар тәуекелді азайтуға тырысуда. Егер Ресейде жарнамаға немесе төлемдерге шектеу қойылса, олардың кірісі тоқтап қалуы мүмкін.

 

Сондықтан көптеген Telegram-арналардың әкімшілері бизнесін басқа елдерде тіркеуді жөн көріп отыр. Мақсаттары белгілі:

 

  • жарнамадан түсетін табысты сақтап қалу;
  • халықаралық төлемдерді еркін қабылдау;
  • құқықтық тәуекелдерді азайту.

 

Қай елдерге басымдық беріліп жатыр?

 

Қырғызстан ең танымал бағыт


Бұл елде тұруға рұқсатсыз-ақ ЖШС ашуға болады. Ең бастысы
жеңілдетілген салық жүйесі (4%). Сондықтан көптеген әкімші дәл осы елді таңдап отыр.  

 

Қазақстан  екінші орында


Бизнесін басқа елге көшіргісі келетіндер арасында Қазақстан да сұранысқа ие. Mash Telegram-арнасы ҚР заңнамасы бойынша кәсіпкердің дисквалификацияланған тұлғалар тізілімінде жоқ екені туралы анықтама және банк шотын ашу үшін елге келіп, кемінде 7 күн болу талап етілетінін атап өткен.

 

Армения  қолжетімді, бірақ салық жоғары


Бұл елде тұруға рұқсатсыз бизнес ашуға болады. Алайда:

 

  • пайда салығы 18%;
  • ҚҚС 20%

 

Беларусь   талаптар қатаңдау

 

  • жеке кәсіпкерге тұруға рұқсат қажет;
  • ЖШС үшін ондай талап жоқ;
  • әлеуметтік қорға міндетті төлем бар;
  • салық: ЖК үшін 20–30%, ЖШС үшін 20% немесе жеңілдетілген  6%.

Бұл тренд нені білдіреді?

 

Telegram айналасындағы жағдай тек бір мессенджердің мәселесі емес. Бұл посткеңестік кеңістіктегі цифрлық бизнестің жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Ресейдегі шектеулер мыңдаған адамның жұмыс тәсілін өзгертуге мәжбүрлеп отыр.

 

Бүгінде Telegram-арна әкімшілері үшін басты сұрақ «қайда жұмыс істеу керек?» емес, «қай юрисдикцияда қауіпсіз жұмыс істеуге болады?» дегенге ауысты.

Поделиться

Нет комментариев.

18/03/2026 11:08
49 0

Уведомление